Мемлекетті институционалдық жаңғырту бағытындағы маңызды қадам
ҚР ДСМ Ұлттық фтизиатрия ғылыми орталығының ұжымы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының жобасын талқылады.
Кездесу барысында орталығымыздың директоры Аденов М.М. және директордың орынбасары Кауышева А.А. жобаға енгізілген негізгі ережелер бойынша түсіндірме беріп, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау жөнінде республикалық референдум өтеді. Негізгі заң жобасы ел бойынша сарапшылар қауымдастығының, заңгерлердің, азаматтардың және ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен әзірленді.
Талқылау барысында ұсынылып отырған өзгерістер мемлекетті институционалдық жаңғыртуға бағытталғаны және ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындайтыны атап өтілді. Жаңа редакцияда білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялар елдің бәсекеге қабілеттілігінің және адами капиталды дамытудың негізі ретінде айрықша мәнге ие.
Ғылым мен денсаулық сақтау саласы үшін бұл өзгерістер ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды және инновациялық экономиканы дамытуға ұзақ мерзімді құқықтық негіз қалыптастырады. Біздің кәсіби орта үшін бұл институционалдық кепілдіктерді нығайтуды, ғылыми-зерттеу қызметін қолдауды және денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуына жағдай жасауды білдіреді.
Референдум – әрбір азамат үшін ел болашағын айқындауға қатысу мүмкіндігі. Қызметкерлерді азаматтық ұстаным танытып, 2026 жылғы 15 наурызда дауыс беруге қатысуға шақырамыз.