ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

Қазақстан өкілдері Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми сайыстардың жеңімпаздары атанды

Қазақстан Республикасының өкілдері Мәскеу қаласында өткен ТМД елдері мамандарының «ТМД елдерінің респираторлық медицинасы: назарда – әлеуметтік маңызы бар инфекциялар» тақырыбындағы II халықаралық конгресі аясында ұйымдастырылған «Дәрігердің білімі мен тұлғасы: күрделі диагнозға сын-қатер» атты халықаралық ғылыми сайыстардың жеңімпаздары қатарынан көрінді.

Ғылыми сайыстарға Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жас дәрігерлер мен студенттер қатысты. Қатысушылар өздерінің тәжірибелері мен зерттеулеріне негізделген нақты клиникалық жағдайларды ұсынып, олардың баяндамаларын денсаулық сақтау саласының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, медициналық жоғары оқу орындарының ғалымдары мен кәсіби қауымдастық мүшелері бағалады.

«Респираторлық денсаулық мамандары» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының дәрігер-пульмонологы Бақыт Қонысбаева жеңімпаз атанды. Ол туберкулезден кейінгі өкпе қуысында дамыған созылмалы өкпелік аспергиллезге арналған күрделі клиникалық жағдайды сипаттайтын «Туберкулезден кейінгі қуыстағы созылмалы өкпелік аспергиллез» тақырыбында баяндама жасады.

Көрермендер дауыс беруінің және сарапшылар алқасының бағалауының қорытындысы бойынша қазақстандық маман Ресей Федерациясынан келген қарсыласын жеңіп шықты.

Ғылыми сайыстардың тағы бір жеңімпазы студенттер санатында Қазақстан атынан қатысқан Руслан Зотов болды. Ол «Жайылған туберкулез және жүктілік: үміт диагноздан күшті болғанда» атты баяндамасын ұсынып, ауыр сырқат пен жүктіліктің қатар кездескен күрделі клиникалық жағдайын талдады.

Дауыс беру нәтижесінде студенттер арасындағы бірінші орын бірден екі қатысушыға – Руслан Зотов пен Ингушетия Республикасының өкілі Амин Гезгиевке берілді.

Осылайша Қазақстан өкілдері бірден екі бағыт бойынша жеңімпаз атанып, кәсіби даярлықтың, ғылыми ойлаудың және клиникалық құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсетті.

Қатысушыларды дайындау тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен жүзеге асырылды. Бақыт Қонысбаеваның тәлімгері Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Малик Молдабекұлы Аденов болды. Ол Мәскеуге арнайы келіп, өз шәкіртін қолдады.

«Қызметкеріміз Бақыт Қонысбаеваның халықаралық байқаудағы жеңісі – Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы ұжымы үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл фтизиатрия қызметі үшін зор мақтаныш», – деп атап өтті Бақыт Қонысбаеваның жаттықтырушысы Алмагүл Амангелдіқызы Қауышева.

Қатысушылардың айтуынша, жобаның басты құндылықтарының бірі халықаралық тәжірибе алмасу болды. Жас мамандар күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, пациенттерді диагностикалау мен емдеудің түрлі тәсілдерімен танысып, әртүрлі елдердегі әріптестерімен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Бақыт Қонысбаева мен Руслан Зотовтың жетістігі қазақстандық жас мамандардың жоғары деңгейде даярланғанын және халықаралық ғылыми алаңда еліміздің атынан лайықты өнер көрсете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілейміз!

Біз картадамыз
Байланыстар
050010, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ботакөз м.н, 1/1
(Директордың қабылдау бөлмесі)
+7 747 137 36 18 (с 08:00 до 17:00 ч.) (Call Center)