Құрметті әріптестер, қадірлі достар, ардақты отандастар!
Құрметті әріптестер, қадірлі достар, ардақты отандастар!
Бүгін біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. 2026 жылғы 30 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын ұсынып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам жасады. Осы маңызды өзгерістерге байланысты өз көзқарасымды білдіруді азаматтық әрі кәсіби парызым деп шештім.
Жарты ғасырдан астам еңбек жолы бар дәрігер ретінде еліміздің медицина саласының қалыптасу және даму кезеңдерін бастан өткердім. Денсаулық сақтау жүйесі мен емдеу әдістері енді ғана бой көтерген шақта медицинаның алдыңғы шебінде қызмет атқардым. Сол жылдары біз туберкулез секілді қауіпті дерттермен шектеулі мүмкіндіктер жағдайында күрестік. Ал бүгінде заманауи технологиялардың арқасында отандық денсаулық сақтау мен ғылым жаңа деңгейге көтеріліп, тың мүмкіндіктерге ие болып отырғанын зор қуанышпен байқаймын.
2026 жылғы Конституциялық реформа ел дамуының басым бағыттарын, соның ішінде денсаулық сақтау, ғылым және цифрлық технологиялар салаларын нақты айқындайды. Атап айтқанда, Конституция жобасының 32-бабында мемлекеттің барлық азаматтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету міндеті бекітілген. Бұл өзгерістер менің кәсіби қызметіммен тікелей сабақтас: инновациялық емдеу әдістерін қолдану құқығы мен ғылыми зерттеулерді қолдаудың конституциялық деңгейде нығаюы дәрігерлер мен пациенттерге ұлт саулығын нығайтуға нақты мүмкіндік береді.
Бүгінде біздің Орталық уақыт талабына сай дамып келеді. Біз тек емдеумен шектелмей, ғылыми зерттеулер жүргіземіз, аурудың алдын аламыз, дәрігер-ғалымдардың жаңа буынын тәрбиелейміз. Алайда ілгерілеу үшін берік әрі заманауи негіз қажет. Мемлекеттің Негізгі заңы – дәл осындай сенімді тірек болып табылады. Қазіргі таңда Орталық заманауи инновациялық жабдықтармен қамтылып, жас мамандар озық цифрлық және геномдық технологияларды меңгеруде. Мұнда ғылым теория шеңберінде қалмай, адам өмірін сақтаудың күнделікті құралына айналды.
Меніңше, 2026 жылы ұсынылып отырған Конституциялық реформа – заңды әрі қажетті қадам. Бұл – жай ғана өзгеріс емес, бұл – денсаулық, білім мен ғылыми прогресс болашақ ұрпақтың берік іргетасына айналатын мемлекетке жасалған нық қадам.
Құрметпен және болашаққа зор сеніммен, Баймуханова Клара Хасановна, ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының ардагері, Денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қызметкері.