ҚР ҰФҒО өкілдері туберкулез кезіндегі антимикробтық стюардшип бойынша I конференцияға қатысты
Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Мұратәлі Серікбаев 2026 жылғы 8–9 маусым күндері Молдова Республикасының Кишинев қаласында өткен ДДҰ-ның Еуропалық өңіріне арналған туберкулез кезіндегі антимикробтық стюардшип бойынша I конференцияға (Antimicrobial Stewardship in Tuberculosis) қатысты.
Іс-шараға ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламалардың өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, зерттеушілер және Еуропа мен Орталық Азияның 30-дан астам елінен келген туберкулезге қарсы күрес саласының мамандары қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты жақында жарияланған «Туберкулез кезіндегі антимикробтық стюардшиптің клиникалық стандарттарын» (Clinical Standards for Antimicrobial Stewardship in Tuberculosis, DOI: 10.5588/ijtldopen.25.0522) енгізу мәселелерін талқылау болды.

Аталған стандарттардың әзірленуі микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрестегі маңызды қадам болып табылады. 2024 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Mycobacterium tuberculosis қоздырғышын қоғамдық денсаулық сақтау үшін аса маңызды патогендер қатарына енгізді. Көптеген инфекциялық аурулар бойынша антимикробтық стюардшип қағидаттары кеңінен қолданылып келе жатқанымен, осы уақытқа дейін туберкулезге қарсы дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға бағытталған арнайы стандарттар болған жоқ.
Жаңа құжат туберкулез кезіндегі антимикробтық стюардшиптің он негізгі бағытын айқындайды. Олардың қатарында туберкулез мәселесін микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарларына енгізу, эпидемиологиялық қадағалау жүйелерін дамыту, дәрілік сезімталдықты уақтылы анықтауды қамтамасыз ету, емдеу тиімділігін мониторингтеу, медицина қызметкерлері мен пациенттердің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ күрделі клиникалық жағдайларды жүргізу кезінде сараптамалық қолдауды жетілдіру мәселелері бар.
Конференция барысында қатысушылар ДДҰ Еуропалық өңірі елдерінде аталған стандарттарды енгізу бойынша жүргізілген өңірлік талдаудың нәтижелерін талқылап, үздік тәжірибелермен алмасты және оларды ұлттық денсаулық сақтау жүйелеріне енгізудің келесі қадамдарын айқындады.

Қазақстан Республикасы үшін туберкулезге қарсы препараттарды ұтымды пайдалану және дәрілік төзімділіктің дамуының алдын алу мәселелері ерекше өзекті болып табылады. Қазақстан өкілдерінің аталған іс-шараға қатысуы халықаралық тәжірибемен танысуға, антимикробтық стюардшиптің заманауи тәсілдерін енгізу перспективаларын талқылауға және жетекші халықаралық сарапшылар мен ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы дәріге төзімді туберкулездің алдын алу және оны бақылау шараларын жетілдіру, сондай-ақ халықаралық ұсынымдар мен үздік тәжірибелерді еліміздің туберкулезге қарсы қызметіне енгізу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.