ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

Қазақстанда алғаш рет өкпеге роботтың көмегімен операциялар жасалды

2026 жылғы 13 қазанда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында «Өкпе туберкулезі кезіндегі робот-ассистентті хирургия: заманауи технологиялар мен хирургиялық тәсілдер» атты халықаралық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара робот-ассистентті торакалдық хирургияның заманауи технологияларына арналды.

Шеберлік сабағы Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Молдабекұлы Әденовтің құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде заманауи хирургиялық технологияларды дамытудың, кәсіби тәжірибе алмасудың және мамандандырылған медициналық көмекті жетілдірудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Шеберлік сабағының халықаралық сарапшылары ретінде Қытай Халық Республикасының өкілдері қатысты. Олар – Харбин медициналық университеті жанындағы онкологиялық аурухананың торакалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі, профессор Сюй Шидун (Xu Shidong) және осы медициналық мекеменің торакалдық хирургі, доктор Фэнхай Жэнь (Fenghai Ren).

Іс-шара бағдарламасы аясында шетелдік сарапшылар мен Орталық мамандарының қатысуымен хирургиялық консилиум өтті. Оған торакалдық хирургтер, анестезиологтер, бронхологтер және басқа да медицина қызметкерлері қатысты. Мамандар клиникалық тәсілдер мен хирургиялық араласуды жоспарлаудың ерекшеліктерін талқылады.

Шеберлік сабағының негізгі бөлігі роботтың көмегімен екі хирургиялық операция жасаумен ерекшеленді. Атап айтқанда, оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігін және сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін алып тастау бойынша жоғарғы лобэктомия операциялары орындалды. Операцияларды профессор Сюй Шидун доктор Фэнхай Жэньнің қатысуымен жасады.

Қазақстанда алғаш рет өкпеге роботтың көмегімен жасалған операциялар отандық торакалдық хирургияның дамуы мен жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізудегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – озық технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтін, заманауи медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және пациенттер үшін инновациялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Хирургиялық араласулардың барысы Орталықтың конференц-залына тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қатысушыларға операциялардың негізгі кезеңдерін бақылауға және торакалдық хирургияда роботтандырылған технологияларды практикалық қолдану мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік берді.

Білім беру бағдарламасына онлайн форматта 20-ға жуық адам қосылды. Олардың қатарында білім алушылар, медициналық ұйымдардың қызметкерлері және басқа мекемелерден шақырылған мамандар болды. Қашықтан қатысу кәсіби тәжірибе алмасу мен білім беру бағдарламасына қолжетімділік аясын кеңейтті.

Аталған операциялардың Орталық базасында алғаш рет орындалуы торакалдық хирургияның заманауи технологияларын меңгеруде жаңа кезеңге жол ашып, қазақстандық және шетелдік мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Робот-ассистентті хирургия – аз инвазивті медицинаның заманауи бағыттарының бірі. Бұл технологияны қолдану хирургиялық топтың арнайы даярлығын, операцияны мұқият жоспарлауды, тиісті техникалық жабдықталуды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді.

Операциялардың негізгі кезеңдері аяқталғаннан кейін орындалған хирургиялық араласулар талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Мұндай формат практикалық көрсетілімді, кәсіби пікірталасты және мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды бір арнаға тоғыстырды.

Біз картадамыз
Байланыстар
050010, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ботакөз м.н, 1/1
(Директордың қабылдау бөлмесі)
+7 747 137 36 18 (с 08:00 до 17:00 ч.) (Call Center)