ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі туралы

Бүгін жұмыс кеңесі барысында ҚР ҰҒОФ стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Алмагүл Кауышева қызметкерлерді медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған ҚР Қылмыстық кодексіндегі жаңашылдықтармен таныстырды.

Сонымен қатар, Алмагүл Амангелдіқызы өз баяндамасында медицина қызметкерлерін қорғау – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аппаратының, медициналық қоғамдастықтың және мүдделі органдардың үлкен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Біз бұл өзгерістерді зор ықыласпен қабылдаймыз.

Алайда, бұл жағдай барлығымызға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету жолындағы жауапкершілікті одан әрі арттыратынын түсінуіміз қажет. Біздің медициналық ұйымның барлық құрылымдары үйлесімді жұмыс істеп, пациенттерге қолайлы жағдай жасап, тиісті көңіл бөлуі тиіс.

Құжат нормаларына сәйкес:

Күш қолданамын деп қорқытқаны үшін – 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, не түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.

Өмірге және денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін – 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, не түзеу жұмыстары, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістермен бірге медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қосымша шаралар енгізілуде. Орта мерзімді кезеңде мыналар жоспарланған:

  • 2,1 мың фельдшерге бейнежетондар беру;
    636 қабылдау бөлімінде дабыл түймелерін орнату;
    Жасанды интеллект талдауымен бейнебақылау жүйесін енгізу;
    152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттерін ұйымдастыру.

Қазақстан Президенті бұған дейін «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдарды қатаң түрде тоқтату қажеттігін атап өткен.

Статистика:

2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медициналық мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген.

Біз картадамыз
Байланыстар
050010, Алматы қаласы, К. Беқхожин көшесі, № 5 үй.
+7 (727) 241 1243 (Директордың қабылдау бөлмесі)
+7 (727) 241 1190 (Call Center)