Фтизиатрияның флагманы жаңа көкжиектерді ашады: ҚР ДСМ ҰҒФО-да өткен моти-вациялық кездесу
Алматы қаласында 2026 жылдың қаңтар айында ашылған ҚР ҰҒФО-ның бірегей жоғары технологиялық кешенінде айтулы оқиға өтті – ҚазҰМУ мен ҚРМУ кафедраларының интерндері мен қызметкерлеріне арналған алғашқы мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Бұл шара саланың кадрлық резервін даярлау стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды кезеңге айналды.
Аталған тарихи кездесудің бастамашысы әрі модераторы – ҚР ҰҒФО директорының ғылыми жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Алмагүл Амангелдіқызы Қауышевa болды.

Кездесу барысында жас мамандарды жоғары технологиялық медициналық ортаға бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Модератор интерндерді денсаулық сақтау жүйесінің құрылымымен, жаңа орталықтың мүмкіндіктерімен, сондай-ақ ҚР ҰҒФО-ның білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Сонымен қатар, білім беру траекториялары мен мамандардың мансаптық өсу мүмкіндіктері талқыланды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге ерекше көңіл бөлінді. А.А. Қауышевa медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысты жауапкершілікті күшейту жөніндегі соңғы заңнамалық өзгерістердің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының қолдауының, ҚР ДСМ аппараты мен медициналық қауымдастықтың үлкен еңбегінің арқасында бүгінгі таңда медицина қызметкеріне шабуыл жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет болып табылады. Бұл интерндерге денсаулық сақтау жүйесін тек нұсқаулықтар жиынтығы ретінде емес, мемлекет тарапынан қорғалатын біртұтас жүйе ретінде алғаш рет көруге мүмкіндік берді.
Кездесу жас дәрігерлер мен фтизиатрия саласында ондаған жылдық мінсіз еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Іс-шара барысында жарты ғасырға жуық еңбек өтілі бар кадрлар жөніндегі үйлестіруші, туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық регистрін енгізген Клара Хасановна Баймұханова, ҚазҰМУ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Анара Сәдуақасқызы Ракишева және ҚРМУ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Гүлнар Асқарқызы Смайлова сөз сөйледі.

Ашық микрофон форматында ең өзекті әрі күрделі мәселелер талқыланды:
– «Мамандықтың беделсіздігі» туралы: Алмагүл Амангелдіқызы бұл сала «жойылып бара жатыр» деген жаңсақ пікірді жоққа шығарып, қазіргі заманғы фтизиатр мен фтизиопедиатрдың мультидисциплинарлық көшбасшы екенін дәлелдеді.
– Қауіпсіздік туралы: жаңа ҰҒФО-дағы инфекциялық бақылау жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейінен де жоғары деңгейде қамтамасыз ететіні көрсетілді.
Бізде бәрі бар: әлемдік озық технологиялардан бастап, Сіздер үшін ел заңдарын жетілдіруге атсалысып жүрген тәлімгерлерге дейін. ҰҒФО — жай ғана аурухана емес, бұл — ғылыми және кәсіби тұрғыдан қалыптасуға барлық жағдай жасалған кадрлар ұстаханасы», – деп атап өтті Алмагүл Амангелдіқызы өз сөзінде.
Кездесу соңында Алмагүл Амангелдіқызы интерндерге мазмұнды үндеу жолдады:
«Бұл қабырғаларда Клара Хасановна, Шахимурат Шаймович, Малик Молдабекович, Серік Оспанович, Ләйлә Тұрсынбекқызы, Венера Лазарьевна, Ольга Альбертовна және басқа да көрнекті ұстаздардың дәстүрлері болашақ технологияларымен үйлесім табады. Сонымен қатар, білім, ғылым және практиканың тығыз байланысында жоғары білікті мамандар қалыптасатынын ерекше атап өткен жөн. Осыған байланысты ғылыми орталық студенттерге, резиденттерге және білім алушыларға барлық қажетті әрі жайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.

Құрметті әріптестер, біз сіздерді тек оқу аудиторияларына емес, медициналық ғылым мен шексіз мүмкіндіктердің жетекші орталығына шақырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұлы ұстаздардың дәстүрлері мен болашақ технологиялары тоғысқан орта қалыптастырылды. Біз өз ісіне шынайы дайын, біздің командамыздың бір бөлігі болып, ертеңгі медицинаның келбетін бірге қалыптастыруға ниетті жандарды күтеміз».