Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы ДДCҰ-мен бірлесіп зертханалық бағалау миссиясын өткізуде.

2025 жылдың 23-29 сәуірі аралығында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (ҰФҒО) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларының (SRL Borstel & WHO) қолдауымен Алматы қаласында ауқымды зертханалық бағалау миссиясын ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – туберкулездің зертханалық диагностикасының ағымдағы жағдайын бағалау және NGS жаңа технологиясына негізделген (секвенирлеудің жаңа буыны) озық стратегияларды енгізу.
Жұмыс барысы тығыз болған алты күн ішінде халықаралық және ұлттық жетекші сарапшылар ҰФҒО зертханаларының жұмысының негізгі бағыттарын талдады, соның ішінде:
- диагностикалық алгоритмдер;
- сапа көрсеткіштері;
- зертханалық қызметтерді қаржыландыру;
- жабдықтың мүмкіндіктері мен оған қойылған талаптар;
- туберкулезді диагностикалауда NGS технологиясын қолдану мүмкіндіктері;
- ақпараттық технологиялар мен сапа жүйелерін дамыту әлеуеті секілді бірнеше маңызды мәселені тексеріп, сараптады.
24 сәуірде ҰФҒО клиницистерімен маңызды кездесу өтті, оның барысында ДДСҰ сарапшылары туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерге туберкулез микобактериясының төзімділігі мәселелері бойынша сессия өткізді. Дәрілерге төзімділік механизмдері, мутациялық өзгерістер және айқаспалы төзімділік құбылыстары егжей-тегжей қарастырылды. ҰФҒО мамандары өздерін толғандырған барлық өзекті сұрақтарын қойды, бұл зертханалық және клиникалық қызметтер арасындағы өзара жақсы түсіністіктің қалыптасуына ықпал етті.
Миссия Ұлттық референс зертхананы (NRL) бағалауға және заманауи стандарттарға сай салынған зертханасы бар жаңа жұқпалы аурулар орталығының жұмысымен танысуға баса назар аударды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары зертханалардың жабдықталу деңгейін жоғары бағалады, сонымен қатар инфрақұрылым мен жұмыс үдерістерін жақсарту бойынша сындарлы ұсыныстар бере отырып, жетілдіру мен жаңғыртуды қажет ететін бірқатар жайтты анықтады.
Миссияның соңғы күндерін сарапшылар жиналған мәліметтерді талдауға және зертханалық қызметтерді жақсарту мен туберкулез диагностикасына инновацияларды енгізуге бағытталған практикалық ұсыныстарды әзірлеуге арнады. Қорытынды кезеңде іс-шаралар жоспарының жобасын бірлесіп әзірлейді және одан әрі дамытудың басым бағыттарын талқылайды.
2025 жылғы зертханалық бағалау Миссиясы – Қазақстанда туберкулезге қарсы күресте зертханалық инфрақұрылымды нығайту және заманауи технологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам ретінде саналады.