ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

Алматыда ДДСҰ-ның туберкулезге қарсы жаңа ұсынымдарын жедел енгізу бойынша үшкүндік аймақтық семинар басталды

2025 жылдың 28 сәуірінде Алматыда туберкулезбен күрес бойынша ДДСҰ-ның соңғы нұсқаулығын, оның ішінде туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді диагностикалау мен емдеу бойынша практикалық анықтамаларды қабылдауды жеделдету және кеңейту жөнінде үш күндік өңірлік семинар басталды.

Жиынды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы жаһандық бағдарламасы ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросымен, «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF), Unitaid және KNCV халықаралық ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға ҚР Туберкулезге қарсы күрес ұлттық бағдарламасының, ҚР ҰФҒО өкілдері және Армения, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің туберкулезге қарсы қызмет өкілдері қатысуда.

Семинардың ашылуында ITPC EECA аймақтық үйлестірушісі Денис Годлевский сөз сөйлеп, туберкулезбен күресті халықаралық қолдаудың төмендеуімен байланысты аймақтың алдында тұрған күрделі проблемаларды атап өтті.

Қазіргі уақытта ҚР ҰФҒО «Stop TB» халықаралық серіктестігімен бірлесе отырып, «Қазақстанда туберкулезді тоқтатамыз» қозғалысын дамытуда, оның аясында аймақтық өкілдіктер ашылып, жергілікті атқарушы органдармен адвокациялық кездесулер өткізуде. Онда көтерілетін  негізгі мәселелердің бірі – туберкулезбен күреске азаматтық қоғам мен мемлекеттің күш біріктіруін ұйымдастыру, сондай-ақ туберкулез саласындағы ҮЕҰ-ды мемлекет тарабынан қолдау.

Үш күн ішінде семинарға қатысуып жатқан туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламалардың, референс зертханалардың өкілдері, техникалық серіктестер мен донорлар, қоғам өкілдері мен ҮЕҰ қызметкерлері туберкулезді диагностикалау, алдын алу және емдеу бойынша ДДСҰ-ның жаңа саясатын бейімдеу және енгізу, туберкулездің алдын алу және емдеу жүйелерін басқаруды күшейту мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар аймақ елдері арасында тәжірибе алмасуға және табысты инновациялық тәжірибелердің үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады.

Семинар туберкулезді емдеу мен алдын алудың заманауи тәсілдеріне көшуді жеделдетуге және елдерді ең соңғы халықаралық стандарттарды тиімді енгізуге дайындауға бағытталған.

Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау және профилактикалық емдеу бойынша ДДСҰ ұсынымдары сәтті жүзеге асырылды. Мәселен 2024 жылы 12 991 адам туберкулезден профилактикалық ем алды. 2023 жылы осындай тәсілмен 10 087 адам қамтылды.

Аймақтық семинарда ДДСҰ ұсынған туберкулезді қысқа мерзімді емдеу режимін жүзеге асыру бойынша кеңес өтеді. Қазіргі уақытта ҚР ҰФҒО аясында еліміздің туберкулезге қарсы қызметінің қызметкерлері туберкулезбен ауыратын науқастарға ем тағайындаудың жаңа алгоритмін, оның ішінде туберкулездің дәріге төзімді түрлерін екпесіз және қысқа мерзімде емдеу режимін енгізу (6 айлық емдеу режимі) бойынша оқудан өтті. Нормативтік-құқықтық база түгел дерлік жаңартылды.

Біз картадамыз
Байланыстар
050010, Алматы қаласы, К. Беқхожин көшесі, № 5 үй.
+7 (727) 241 1243 (Директордың қабылдау бөлмесі)
+7 (727) 241 1190 (Call Center)